Что такое бата на казахском языке

Баталар

Бата, бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер болып келеді. Бата қысылғанда — қуат, қиналғанда—медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі болады.

Бата қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандык, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті.

Мағыналық тұрғыда екі түрге бөлінеді: ақ (оң) бата (алғыс), теріс бата (қарғыс). Қазақ халқының бата сөз үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А. Васильев, Г. Потанин, т.б. зерттеушілер назар аударып, жинап жариялаған.

Кейін батаға Ислам дінінің әсері тиген. Осы күнгі бата отбасына амандық, молшылық, жастарға өмір, бақыт, білім тілеу мазмұнында болып келеді.

Источник

Дастарханға, шаңыраққа, үй иесіне бата, тілектер

Бата берерде әркім «Иә, құдайым», «Иә, Алла», «Иә, жаратқан» секілді бағыштау сөздерін әр батаның алдынан қосып айтуға ерікті.

Уа, жаратқан ием құдірет
Тілегімді қабыл ет!
Иманымды кәміл ет!
.

Асқа бата

Дастарханыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін!
Әумин!

Ашып тастап пейілді
Дастарханың жайылды.
Қасиетті нан ұлық
Берекең тұр нақ ұйып.
Асыл сөздер шашылды,
Бар абырой бақ орнап
Ел сыйласын басыңды.
Аңыз болып отауың
Айта жүрсін асыңды.
Сүйген жарың,
Бала-шағаң аман боп,
Бүтіндесін асылды.
Ниетіңе біз тойдық.
Рахмет шәйіңа,
Риза еткен бір қойлық!

Үй иесіне берілетін бата

Жас баланың күлкісін бер,
Жас ананың ұйқысын бер.
Жомарттың қолын бер,
Жорытқанның жолын бер.
Қыздың қылығын бер,
Судың тұнығын бер,
Асаудың арынын бер,
Түнгі оттың жарығын бер.
Асқар таудың паңдығын бер,
Бұлбұл құстың таңғы үнін бер.
Даланың жазықтығын бер,
Гүлдің нәзіктігін бер.
Теңіздің тереңдігін бер,
Қыранның көрегендігін бер.
Ердің көңілін бер,
Бүркіттің жігерін бер.
Лашынның жүрегін бер,
Нағыз достың тілегін бер.
Мәңгі-бақи ажырамас,
Шын ғашықтың тілегін бер!
Әумин!

Ардақты үйдің иесі,
Әуелі бердің шай,
Көңілің болсын жай.
Екінші бердің ет,
Таппасын көңілің
Ешбір дерт!
Үшінші бердің сорпа,
Болмасын бағың орта!
Екі дүниенің игілігіне жеткізсін,
Есіркеп сүйген пендесінен еткізсін!

Алла жарылқасын,
Кімді жарылқаса,
Соның жағында қалсын!
Жаманның алдында қалсын!
Жортқанда жолың болсын,
Адассаң, Алла жолға салып жүрсін,
Сүріндіртпей алып жүрсін,
Мың сан бәле, қауіп қатерден қағып жүрсін!

Уа, Жаратқан – Құдірет!
Мал-жандарын аман ет,
Басына бер зор бақыт.
Асыңа бер берекет,
Ғұмыр-жасын ұзақ ет.
Ұрпақтарын асыл ет,
Кәсібін адал кәсіп ет,
Бәле-жаладан аулақ қып,
Таттырма еш қасірет,
Дүниенің бар жақсылығын
Дәл осы отауға нәсіп ет!

Бізге тартқан басыңыз,
Дәмді екен асыңыз.
Ұрпақтар боп өзгеше,
Сыйлы болсын басыңыз!
Домаласын өрге тасыңыз,
Иманды болып тасыңыз.
Көре алмаушы, кертартпа
Құм қапсын дұшпан –қасыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз,
Елге сыйлы қарт болып,
Жәннатқа қадам басыңыз!
Құйған қызыл шәйіңіз,
Балдай тәтті майыңыз,
Еселі боп еңбегің,
Иманды боп байыңыз!

Дәулетіңді тастырсын,
Сәулетіңді астырсын,
Ақсақалың келгенде
Ақ дастархан жайылып,
Адал ас пен бас тұрсын!
Тіл мен көзден аман боп,
Түлеп ұшсын жас қыршын –
Байсалды туған балаңды
Байтағына бас қылсын!
Адалдан жиған малыңды
Алты атаңа ас қылсын!
Жақсыменен дос қылсын,
Жаманменен қас қылсын,
Иманыңды рас қылсын!
Қарауды қара тас қылсын,
Сараңның көңілін пәс қылсын!
Бұл үйге қастық қылғанды
Тәңірім қара бастырсын!

Астырсын, тастырсын,
Жақсылармен жанастырсын,
Жамандардан адастырсын,
Оттың басы аман болсын,
Бейбітшілік заман болсын,
Балаларың азамат адам болсын,
Жауың жеңіліп қабан болсын!

Дастарханың тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын!
Жарды болсаң жасыма,
Бай болсаң, тасыма!
Бақ-дәулет берсін басыңа,
Ғұмыр берсін жасыңа.
Бәле-жала, жын-шайтан,
Жоламасын қасыңа!
Иманның байлығын берсін,
Құт-берекенің бәрі келсін!

Басыңа Алла бақ берсін,
Не берсе де нақ берсін,
Білім нақыл айтуға
Жалықпайтын жақ берсін!
Айтып жүрер білімнің
Іс-амалмен шақ келсін!
Береке-құт пен ырысты
Үйлеріңе ап келсін!
Қара ниетті жауыңа
Бәлекеті тап келсін!
Арман ниетке жеткізіп,
Тілеуіңді ап берсін!
Мал-жан аман тоқ болсын,
Қайғы-қасірет жоқ болсын!
Дастарханың ақ болсын,
Шаңыраққа бақ қонсын!
Балаларың көп болсын,
Тамағы тоқ, киімі көк болсын,
Иманы мығым бек болсын,
Сөзі тура дөп болсын!

Хақ қарасын,
Бақ дарысын.
Дастарханға береке берсін,
Елге дәулет-мереке берсін.
Шыққанның есесін берсін,
Қалғанның берекесін берсін,
Кең пейіл берсін,
Ұзақ өмір берсін,
От айнала бас берсін,
Өріс толы мал берсін.
Мал берсе, қайырын берекетімен берсін,
Бас берсе, азық-несібесімен берсін!

Ақылыңды астырсын,
Ықыласыңды тастырсын,
Балаң үбірлі болсын,
Қызың шүбірлі болсын!
Жақын көп болсын,
Жауың жоқ болсын!
Жақсы келсін қасыңа,
Нұр жаусын әзіз басыңа!
Көшің көлікті болсын,
Қонысың түлікті болсын,
Қатулықтан аулақ бол,
Татулыққа жақын бол!
Дәуренің иманмен сәнді болсын,
Ғұмырың біліммен мәнді болсын!

Дастарханға бата

Иә, жаратқан құдірет,
Мал-бастарын аман ет,
Басына бер бақыт,
Асына бер берекет,
Өмір-жасын ұзақ ет,
Михнаттан аман ет,
Дұшпанының күнін жаман ет,
Ұрпақтарын асыл ет,
Дүниедегі жақсылықты,
Дәл осы үйге нәсіп ет
Әумин.

Құдайым осынау үйге дуа берсін,
Тіл-аузын дұшпанның буа берсін.
Келіннің балағынан бала саулап,
Салпы ерін сары ұлдар туа берсін.

Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең
Тепкілесе кетпесін.
Желіңнің екі шетіне,
Тай шаптырса жетпесін!

Кешке келіп жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан,
Қошақанның анасы,
Салық бассын үйіңді!

Бақайлары сыртылдап,
Мүйіздері жылтылдап,
Бұзаулардың анасы
Сиыр бассын үйіңді.

Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан,
Ботақанның анасы
Інген бассын үйіңді!

Шіңгір-шіңгір кісінескен,
Сүйістікпен иіскескен,
Құлыншақтың анасы
Бие бассын үйіңді.

Берейін бата асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа,
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Көре алмаған дұшпанның,
Жуа бітсін жолына.
Бақытың жетсін төтелеп,
Дүние малды жетелеп,
Аузыма түскен батаның
Жатырмын бәрін түгендеп!
Көтердік міне білекті,
Ақтардым түгел тілекті,
Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.

Аумин десең маған,
Құдай берсін саған.
Алтыннан – жағаң,
Күмістен – тағаң.
Оң жағыңнан кетпесін
Күрпілдек қара сабаң.
Жортсаң жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Тілеуің қабыл,
Мұратың асыл болсын.
Ішкенің қымыз,
Жегенің сырбаз,
Кигенің түлкі болсын,
Жүрген жерің ойын-күлкі болсын!

Қозыға толсын көгенің,
Тұлпар болсын көгенің.
Құтты болсын құрығың,
Сүтті болсын құдығың.
Қияқты болсын сұңқарың,
Тұяқты болсын тұлпарың.
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың.
Арыстандай болсын айбатың,
Аюдай болсын қайратың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың.

Шайың қызыл болсын,
Ғұмырың ұзын болсын.
Несібең таса берсін,
Дұшпаның қаша берсін,
Құдайым ұзақ ғұмыр жаза берсін!

Пейіліңе қонақжай
Бата берем қолың жай:
Ақ жарылған жүрегің,
Қабыл болсын тілегің.

Бізге сойдың семіз тай,
Төрт түлігің болсын сай.
Өсіп-өніп ұрпағың,
Төрт қиырға қанат жай!

Бізге сойдың құлын,
Жақсыдан болсын жұғым.
Өміріңді ұзартып,
Өзіңнен өте тусын ұлың.

Бізге сойдың марқаны,
Алдыңнан тарқат арқаны.
Сыйлы болып еліңе,
Сыбағаңды ал тағы.

Бізге сойдың қой,
Үйіңнен кетпесін той.
Қызығына қанып,
Ішпей-жемей той.

Бізге сойдың тоқтыны,
Еліңнің бұл тоқтығы.
Абырой алып ұл-қызың,
Биік болсын шоқтығы.

Бізге астың бас,
Берсін саған ұзақ жас.
Ауыздықтап асауды,
Асудан асуға ас!

Бізге астың жамбас,
Жақсымен бол жандас.
Ықыласың қабыл боп,
Ырысың толмай қалмас.

Бізге астың сыбаға,
Жамандық көрме сірә да.
Қиянат қылма пендеге,
Жағамын десең құдаға.

Бізге астың қазы,
Болдық сізге разы.
Ақ май ақсын аузыңнан,
Үзілмей қорың қысы-жазы.

Бізге астың жаяны,
Өмірдің болсын баяны.
Болсаң да төлдің жылқысы,
Жұртыңның болма саяғы.

Бізге астың жал,
Басыңа бітсін дүние-мал.
Ата-анаңды ардақтап,
Аяқ-қолын жылы суға мал.

Бізге астың омыртқа,
Пәле-жалаға жолықпа.
Өрісің барда өрге шап,
Өз-өзіңнен торықпа.

Бізге астың шұжық,
Көргенің болсын қызық.
Аққу-қаздай мамырла,
Айдыныңда жүзіп.

Бізге астың жауырын,
Баланың берсін тәуірін.
Ізет көріп ініден,
Үзілмесін сауығың.

Бізге астың сүбе,
Қырсығың жерге енсін түге!
Күндегенді күңірентіп,
Күннен-күнге үде.

Бізге астың төс,
Үрім-бұтағыңмен өс!
Жайланып қон,
Жазылып көш!

Бізге астың жілікті,
Ұл-қызың болсын білікті,
Бізге астың белдеме,
Сыйлы бол басқа елге де.
Бізге астың кесек ет,
Дәулетің тассын еселеп.

Сыйлап бердің етіңді,
Жарылқасын бетіңді.
Енді әкелдің сорпаңды,
Орындатсын қолқаңды.

Келді тағы қымызың,
Арылмасын қызығың.
Қойдың қаймақ, айраның,
Аман болсын ауыл-аймағың.

Жаздың жайма, бауырсақ,
Бола берсін қауым шат.
Және келді құрт-майың,
Туа берсін құтты айың.

Рақмет дәміңе,
Ризалық берсін бәріңе.
Аман болып басыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз.

Маған жаптың шапан,
Көңілде болмасын қапаң.
Маған мінгіздің ат,
Қыз ұзатып, қызығына бат!
Маған атадың жол,
Ұл өсіріп мәре-сәре бол!
Маған бердің ет,
Келін түсіріп, тілегеніңе жет!
Маған бердің сауға,
Басың түспесін дауға!
Алдыма салдың мал,
Алладан рақмет ал!

Ет – Сізден,
Ықылас, ниет бізден.
Тілеуі ақты тәңірім
Мұратына жеткізген.
Жақсы-жаманды көріп бақ.
Бар мен жоққа көніп бақ.
Ащы-түщыны татып көр,
Тайыз-тереңді батып көр!
Ел басына түскен сынды,
Түз кешіп, түн қатып көр.
Жиынды топқа түскенде,
Жүйрігің баптаулы болсын,
Жігітің мақтаулы болсын.
Жортуыл, жорық жолықса,
Найзаң саптаулы болсын.
Нөкерің сақтаулы болсын.
Дастарханың тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Аман сақтап,
Абырой берсін!
Жорытқанда жолың болсын!

Шаңырақ шалқи берсін.
Керегең кеңи берсін.
Осы үйге ән-күй келсін,
Дұшпаның кеми берсін.
Дастарханға береке берсін.
Күнде мереке болсын.
Қастық ойлағандар,
Қабағы ашылмай келеке болсын.
Әумин

Әуелі құдай оңдасын,
Аруақтарың қолдасын.
Бақыт пен дәулет, бас пен мал,
Басыңа мәңгі орнасын.
Төрт құбылаң сай болсын,
Саған қастық ойлаған
Ғұмырында оңбасын.
Ақылды бол, арлы бол,
Бақытты бол, малды бол,
Қатарыңның алды бол!
Әумин

Берекеміз қашпасын,
Белімізді ешкім баспасын,
Адал жан болып астасың,
Арыңды күлдей шашпасын.
Бақыт болса бастасың,
Мейманың, сірә, таспасын,
Тірлікте түзу жол тапсаң,
Тәңірім берер басқасын.
Әумин

Әуелі құдай есен ет,
Жиреншедей шешен ет,
Атымтайдай көсем ет,
Лұқпандай береген ет.
Ибраһимнің басын берсін,
Сүлейменнің тақытын берсін.
Қыдыр құсы қонсын басыңа.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Жоғары болсын жұлдызың,
Бақытты болсын ұл-қызың.
Ас иесі байысын,
Бар ойлаған арманың,
Жақсылыққа сайысын.
Әумин

Қазан-ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын.
Көңілің толып жай болсын.
Ұлың қонып қияға,
Қызың қонып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын.
Әумин

Береке берсін басыңа,
Бақ қонсын басыңа.
Балын татып өмірдің
Жамбылдың жет жасына.
Қуанышпен достарың
Жинала берсін қасыңа.
Қойың қоздап егізден,
Ешкің туып сегізден.
Майдан қолың кетпесін,
Соғымың болып семізден.
Айтып жүрсін қонағың
Таңдайдан кетпей жегізген.
Шалқып жатсын дәулетің,
Тасыған селдей теңізден.
Баянды Алла бақ берсін,
Адалын берсін, ақ берсін.
Атағың кетіп Алашқа,
Астыңа алтын тақ берсін.
Әумин

Береке берсін асыңа.
Әумин

Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал-басты аман қылсын!
Әумин

Дастарханың майлы,
Көңілің жайлы болсын.
Өміріңе не тілесең,
Тілегің қабыл болсын.
Әумин

Дастарханыңнан дәм кетпесін,
Көңіліңнен сән кетпесін.
Әумин

Источник

Қысқаша баталар, жеңіл бата | Бата-тілектер жинағы

Что такое бата на казахском языке. Смотреть фото Что такое бата на казахском языке. Смотреть картинку Что такое бата на казахском языке. Картинка про Что такое бата на казахском языке. Фото Что такое бата на казахском языке

Қысқаша баталар, жеңіл бата

Қысқаша дастархан баталары

Дастарханың тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын!
Жарды болсаң жасыма,
Бай болсаң, тасыма!
Бақ-дәулет берсін басыңа,
Ғұмыр берсін жасыңа.
Бәле-жала, жын-шайтан,
Жоламасын қасыңа!
Иманның байлығын берсін,
Құт-берекенің бәрі келсін!

Бірлік берсін басыңа,
Береке берсін асыңа.

Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал-басты аман қылсын!

Дастарханың майлы,
Көңілің жайлы болсын.
Өміріңе не тілесең,
Тілегің қабыл болсын.

Қысқа баталар

Ай МҮЙІЗДІ,
Аша тұяқтым-ай.
Жұпар иісті,
Бауырсақ құлақтым-ай.
Сенде жазық жоқ,
Бізде азық жоқ,
Ақбата, ақ тілекті қабыл ет!

Той-думаныңыз құтты болсын,
Бақыты зор отау болсын.
Іші жанға толсын,
Сырты малға толсын!
Бақытың дәулетіңмен таса берсін,
Дұшпаның қырдан үркіп қаша берсін.
Бата сол бізден сізге, рахмет жауып,
Құдайым маңдайыңды аща берсін!

Той тойға ұлассын,
Бақыт балаға ұлассын.
Өрісіңді өрт шалмасын,
Жүрегіңді дерт шалмасын!

Ұлың ұядан ұшсын,
Елін ұмытпасын.
Қызың қияға ұшсын,
Жерін ұмытпасын!

Қайғыға болаттай берік,
Жердей төзімді бол.

Шаңырағыңа шаң түспесін,
Көңіліңе кірбің түспесін.

Аспандарың ашық,
Жұлдыздарың жарық болсын,
Абыройларың асқар таудай болсын!
Бізге берген етіңіз,
Ниетінізге жетініз.
Қыл көпірден өткенде,
Құламай тіке өтіңіз!

Шадияр болсын доcтасың,
Мұхаммед болсын- қостасың.
Қызыр болсын жолдасың,
Лұқпан болсын кұрдасың.
Сүрініп кеткен жеріңде,
Жеті әулие жетелеп,
Кереметімен қолдасын!
Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын.
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйде, түздегі
Мал-басты аман қылсын!

Әумин десең бізге,
Бата берелік сізге.
Жасың жетсін жүзге,
Мал мен басты,
Иман мен жасты,
Қабат бермейді екен деп,
Тәңіріден күдер үзбе!

Адалдық берсін асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Топқа ТҮСІП, тойлы бол,
Некер ертіп қасыңа.
Қозыларың жамырап
Қотаныңа сыймасын.
Құлындарың құлдырап,
Құла түзге сыймасын.
Келелі түйең қаптаған,
Қаратауға сыймасын.
Ақтылы қойың адалдан,
Алатауға сыймасын.
Кекалалы көп жылқың,
Кекшетауға сыймасын.
Ұл мен қызың тең есіп,
Ұлытауға сыймасын!
Бар екен деп тасыма,
Жоқ екен деп жасыма,
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Көре алмаған дұшпанның,

Жеңіл баталар

Кемеңгердің алғыр ойын берсін,
Екі дүниенің абыройын берсін!

Талаптымен тау астырсын,
Талантымен таластырсын.
Жамандықтан адастырсын,
Жақсылықпен жанастырсын!
Білімің молая берсін,
Еңбегің зорая берсін.
Мақсаттарың айқын болсын,
Өмірлерің жарқын болсын.
Еңбектерің көшелі болсын!
Білімің тереңдесін,
Өнерің кемелденсін,
Жұлдызың жайнасыншы,
Табаның таймасыншы,
Дос-жарың безінбесін.

Жаңа Жылың құтты болсын,
Денсаулығың мықты болсын.
Жүрегіңіз жалын болсын,
Тілегіміз қабыл болсын!

Құдай берсін, кем қылмасын,
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын.
Отбасының байлығын берсін,
Деніміздің саулығын берсін.
Көңіліміз тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Отырғандарың үлкен тақ болсын,
Осы үйге тек бақ қонсын!
Сұрасаң бата берейін,
Ықыласпен қол жайсаң,
Үстем болсын мерейің.
Басыңа бақ орнасын,
Қызыр болсын жолдасың.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын.
Уа, Жаратқан, жарылқа!
Мезгілсіз келер өлімнен сақта,
Кездейсоқ келген келіннен сақта.
Дауылдың кәрінен сақта,
Жыланның зәрінен сақта,
Аяқ астынан келетін
Бәле-жаланың бәрінен сақта!

Пейіліңе қонақжай,
Бата берем, қолың жай:
Ақ жарылған жұрегің,
Қабыл болсын тілегің.
Бізге сойдың қой,
Үйіңнен кетпесін той.
Қызығына қанып,
Ішпей-жемей той.
Бізге астың бас,
Берсін саған ұзақ жас.
Ауыздықтап асауды,
Асудан асуға ас!
Сыйлап бердің етіңді,
Жарылқасын бетіңді.
Енді әкелдің сорпаңды,
Орындалсын қолқаңды.
Рахмет дәміңе,
Ризалық берсін бәріңе.
Аман болып басыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз!

Маған жаптың шапан,
Көңілде болмасын қапаң.
Маған мінгіздің ат,
Қыз ұзатып, қызығына бат!
Маған атадың жол,
Ұл өсіріп мәре-сәре бол!
Маған бердің ет,
Келін түсіріп, тілегіңе жет!
Маған бердің сауға,
Басың түспесін дауға!
Алдыма салдың мал,
Алладан рахмет ал!

Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең,
Тепкілесе кетпесін!

Источник

Бата түрлері

Что такое бата на казахском языке. Смотреть фото Что такое бата на казахском языке. Смотреть картинку Что такое бата на казахском языке. Картинка про Что такое бата на казахском языке. Фото Что такое бата на казахском языке

Бата түрлері

Бата беру — Қазақ халқының ежелден келе жатқан өзіндік орны бар салт-дәстүрлерінің бірі. Халқымыз ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Оны кез келген адам айта бермейді және тойдағы тілектен айтарлықтай өзгешеленеді. Кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады. Бата берудің мақсат-мазмұны сан түрлі болып келеді. Сонау көне заманнан келе жатқан игі дәстүрге халық ерекше мән берген. Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ақ бата берудін, алғыс айтудың жас ұрпақты кішілік пен кісілікке тәрбиелеуде айтарлықтай әсері бар.

Баталардың түрлері

Бата қай кезде және кімге қарата айтылып тұрғанына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар — жарапазан батасы, серттесу батасы, жол батасы, жаңа ай батасы, теріс бата, соғым батасы, көші-қон батасы, жас отау иелеріне арналған бата және өлім шыққан үйде айтылатын бата және т.б.

Ас батасы

Бұл бата дастархан жайылып ауызға асты алмас бұрын және тамақтанып болғаннан кейін беріледі. Халқымыз әр кез тамақ ішкен сайын «Асқа адалдық, денге саулық» деп тілек тілеп отыруды өздерінің адамдық парызы деп білген.

Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең
Тепкілесе кетпесін.
Желіңнің екі шетіне,
Тай шаптырса жетпесін!

Наурыз батасы

Халық мерекеде қыдырып, үйді-үйге барып көже ішіп жүргенде берілетін бата түрі. Аты айтып тұрғанда көбінесе Наурыз мерекесі кезінде беріледі. Әдетте бұл батаның мәтінінде «Жасыңыз ұзақ болсын! Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс береке берсін, пәле жала жерге енсін»сынды тармақтар болады.

Мысал: Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Әумин! — бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын!
Жүгінелік ақылға
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Наурызбенен жаңарсын
Тәніміз бен жанымыз
Жақсы негіз қалансын
Жарасып ән сәніміз!

Сапар батасы

Қазақ елі ұл-қызы алыс сапарға немесе өмірін бәске тігіп жорыққа аттанарда халықты жинап, ішінен ең сыйлы деген азаматтан бата сұрайтын болған. Осыдан кейін адамның сапары немесе жорығы сәтті болып, елге аман-есен оралады деген наным қалыптасқан.

Мысал: Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Серті мен сөзде тұратын,
Сенімді болсын жолдасың.
Жолыңды кесем дегендер
Ешқашанда оңбасын.
Сәтті болып істерің,
Жақсы болсын түстерің,
Жортып бір жортып жеткенде,
Жомарт болып төсегің.
Жұғымды болсын ішкенің
Көрмеген жерді көріп қайт,
Қайырылып сәлем беріп қайт.
Ырзығың сыртта шашылса,
Оны да түгел теріп қайт.
Айдарыңнан жел есіп,
Желіп барып, желіп қайт.
Бақ қосылып басыңа,
Дақ түспей ар мен бағыңа,
Сау-саламат өзіңмен
Кездесейік тағы да.

Балаларға арналған бата

Қазақ халқында сәби жаңадан дүние есігін ашқан сәтте ұзақ жасап келе жатқан қариялардан бата сұрайтын болған. Сондай-ақ, ата-аналар ұлдары ат жалын тартып мініп, қыздары іс тігуге жарап қалғанда өздері ұнатқан адамдардан бата сұрайтын болған.

Мысал: Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Өмір-жасы ұзақ болсын,
Маңайы аққан бұлақ болсын,
Əр күні қызық, шуақ болсын,
Жер-ана жайлы тұрақ болсын,
Жомарттың қолын берсін,
Жортқыштың жолын берсін,
Қыздың қылығын берсін,
Судың тұнығын берсін,
Даланың кеңдігін берсін,
Батырдың ерлігін берсін,
Ақынның өрлігін берсін!

Той батасы

Бұл бата түрі екі түрлі жағдайда айтылады. Біріншісі — той иелеріне бата беру мақсатында, екіншісі осы тойға арналған малды соятын кезде.

Мысалы: Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Той тойға ұлассын,
Тойдан кенде қылмасын!
Өлең-жыр боп күндіз-түн,
Ауыл-аймақ жырғасын!
Құтты болып қуаныш,
Еш жамандық болмасын!
Қызыр дарып, бақ қонып,
Құдай өзі қолдасын!
Болсын тойың торқалы,
Қуандырсын баршаны.
Қарық болсын кəрі-жас,
Өлең айтып, əн салып!
Көрген досың сүйінсін,
Көре алмаған күйінсін!
Берекелі тойыңа,
Игі жақсы жиылсын!
Аллаһуакбар!

Қарияларға берілетін баталар

Қазақта бата жастарға ғана емес, бата айтушылардың өздеріне де беріледі. Ақ сақалды аталар мен ақ самайлы әжелер өздері ұнатқан данагөй жандарды шақыртып алып бата сұрап алатын болған.

Мысал: Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Уа, қария, күйлі болыңыздар,
Ел-жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар!
Немере, шөбере, шөпшек көріп,
Тоқсан отау үйлі болыңыздар!
Түндеріңіз тыныш болсын,
Үйлеріңізге ырыс толсын!
Ұлдарыңыз десті болсын,
Келіндеріңіз есті болсын!
Орындарыңыз төр болсын,
Мəртебелеріңіз зор болсын,
Ел-жұрттарыңыз тоқ болсын,
Қатарларыңыз көп болсын,
Қам-қайғыларыңыз жоқ болсын!
Аллаһуакбар!

Қыздар мен келіндерге берілетін баталар

Өсіп келе жатқан қыздың ақылына көркі сай, білімді де ісшең болсын деп қарттардан ықылас баталарын сұрайтын болған. Бұдан өзге ата-енелер келіндерін қыздай еркелетіп, оларға дастарханнан ас немесе табақтың түбін, кейде тіпті ішіп отырған шайын ұсынатын болған. Мұндайда келін орнынан атып тұрып сәлем берген. Осындайда қариялар келіндерге бата беретін болған.

Қыздарың қылықты болсын,
Ғаламат білікті болсын.
Күндей нұрлы болсын,
Гүлдей түрлі болсын.
Өлмес өнер берсін,
Əн-жыр, өлең берсін.
Теңдессіз дарын берсін.
Ізгіліктің бəрін берсін.
Талдай бой берсін,
Таудай ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Оттай жанар берсін!
Аллаһуакбар!

Жасың ұзақ болсын,
Күнің шуақ болсын.
Басыңа бақыт қонсын,
Үйіңе жақұт толсын.
Балалы-шағалы бол,
Ағалы-жағалы бол.
Өркенің өсе берсін,
Бақытқа қолың жете берсін!

Шенді-шекпенділерге арналған баталар

Бұл бата түрі беделді қызметке жаңадан орналасқан азаматтарға беріледі. Мұндай батаны алдағы қызметінде айы оңынан туып, жолы болсын деген ниетпен береді.

Әумин десең есе берсін,
Қызырың кеп жетелесін.
Айларың аман кете берсін,
Күндерің күліп өте берсін.
Бақ-дәулет пен дәрежең,
Одан әрі өсе берсін!
Құлағың сақ болсын,
Ниетің ақ болсын,
Құлқының пәк болсын.
Көңілің шат болсын!
Дау-дамайдан қашпа,
Араныңды ашпа.
Қиындықтан саспа,
Қара қылды қақ жарып, елді түзу баста!
Аллаһу акбар!

Жас жұбайларға және күйеу бала мен қарындасқа арналған баталар

Өз алдына түтін түтеткен жас жұбайлар отауларына кіріп орналасып алған соң сыйлы қариялар мен ағайын-туысқандарына дастархан жайып, кейін олардан бата сұрайтын болған. Сондай-ақ, үйлі-баранды болып үлгерген ерлі-зайыптылар да өздеріне тілекші болып жүрген ағайын-туыстарын шақырып, олардан ықылас баталарын тыңдайтын болған.

Бақытты бол, бағың ашылсын,
Әр күнің шаттыққа толсын.
Босағаңа жамандық жетпесін,
Төріңнен жақсылық кетпесін.
Ұлдарың оншақты болсын,
Қыздарың моншақты болсын.
Бастарыңа бақ қонсын,
Жаратқан ием жақ болсын.
Ынтымақ серік болсын.
Шаңырақтарың биік болсын.
Несібе-ырыс иіп келсін.
Дастархандарың кең болсын.
Қызық-қуаныш тең болсын.
Үй-іштерің мерекелі болсын,
Өмірлерің берекелі болсын.
Тілектерің ақ болсын,
Махаббаттарың пәк болсын.
Дастарқандарың берекелі болсын,
Отбасыларың мерекелі болсын.
Өмір-жастарың ұзақ болсын,
Жолдастарың Қызыр болсын!
Қораларыңнан қой кетпесін,
Есіктеріңнен той кетпесін.
Көшкенде көлікті болыңдар,
Өлшеусіз өрісті болыңдар!
Халық сүйер аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар.
Қиын жерде жол табар,
Дарқан ойлы дана болыңдар!
Аллаһуакбар!

Шаңыраққа баталар

Алыстан ат терлетіп келген қонақтар өздері түскен шаңыраққа алғыс ретінде бата-тілектерін айтатын болған. Ел мен жерге берілетін бата да осы іспеттес. Бірақ ол бір шаңыраққа емес, бүкіл елге беріледі.

Шаңырақтарың шайқалмасын,
Бақ-дəулеттерің ортаймасын.
Жаратқан Иең жар болып,
Не сұрасаң да қайтармасын!
Шаңырақтарың сыйлы болсын,
Отбасыларың дулы болсын.
Қоныстарың нулы болсын,
Өрістерің сулы болсын!
Аллаһуакбар!

Серттесу батасы

Батаның бұл түрін ел арасындағы маңызды үлкен шараларда, белгілі бір жағдайға байланысты уәде мен серт берген кезде және құдалық барысында беретін болған. Оның өзге түрлерінен басты ерекшелігі — әруақ, ақсақал, хан және билер алдында беріліп, соңында қол алысатындығында. Халқымыз сертті бұзуды қарғысқа ұшыраумен теңестірген.

Бұл бата түріне этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы бір мысал келтірген-ді. «Шақшақ қайтыс болғанда (ХVII ғасыр) оның жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтынның Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып: «Сомалтын қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өтсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын», — деп, қол жайып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ», — деп баяндады оқиғаны этнограф.

Құдай сені қор қылсын,
Дұшпаныңды зор қылсын!
Жетейін дегенде жер қылсын,
Еңбегіңді сор қылсын,
Басқан жеріңді шөл қылсын,
Көз жасыңды көл қылсын!
Қайғың қалың шемен болсын,
Шыға алмайтын терең болсын!
Аузыңа жылы су тимейтін,
Күнің иттен төмен болсын!
Өмірден мəңгі қор болып өт,
Ел бетіне қарай алмай, жер болып өт.
Еш жақсылық, қызық көрмей,
«Не болдым» деп зарланып өт!
Іздегенің табылмасын,
Қасіретің жазылмасын,
Басыңнан пəле арылмасын,
Өлсең бетің жабылмасын!

Теріс баталар

Халқымыз әрдайым жұрттың қарғысына ілігіп, теріс бата алудан сақтанған. Теріс батаны қарғыс пен жазаның ең ауыр түрі деп қарастыруға болады. Мұндай бата көп жағдайда ата-тегін көпшілік алдында ұятқа қалдырғандарға беріледі. Ғалымдардың айтуынша, қазақ қоғамында батаның бұл түрі сирек айтылған. Бұдан өзге теріс батаны алғаннан кейін оны қайтару үшін жалбарыну рәсімдері жасалатын болған.

Теріс батаға мысал ретінде «Қыз Жібек пен Төлеген» жырын қарастыруға болады. Аталған жырда Төлегеннің теріс бата алған жері сипатталған. Осыдан кейін оның ісі оңға баспай, ақырында жарық дүниемен қош айтысты. Яғни халқымыз теріс батаның әсері күшті деп есептеген.

Ықылас батасы

Қалыптасқан дəстүр бойынша, ақсақалдар мен үлкен кісілер өздерін сыйлап, құрметтеп, бір шыны қара шайы болса да қабақ шытпай беріп, ықылас-бата сұраған адамдардан адал ниетімен ықылас батасын аямаған. Алайда, ықылас батасы үй иесінің кісілігі, мақсат-мұрат, талап-тілегі бойынша əр алуан мазмұн, түрлерде беріле береді. Мысалы, үй иесі жас сəбилері үшін бата сұраса, онда батагөй қариялар:

Балаларыңның жасы ұзын болсын,
Жолдасы Қызыр болсын,
Өнері тасып-толсын,
Басына бақыт қонсын!
Басты болсын,
Малды болсын,
Өз құрбысының алды болсын!
Тілді болсын,
Жақты болсын,
Ел мақтайтын жақсы болсын! – деген мазмұндарда бата береді.

Егер жаңа үйленіп, жас отау көтерген азаматтар болса, онда:

Басты болыңдар,
Малды болыңдар.
Өз құрбыларыңның алды болыңдар!
Кейінгілерге аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар,
Қиналғанда пана болыңдар!
Ақ сақалды, сары тісті,
Болашақта дана болыңдар! –деп бата береді.

Ал, ұзақ жыл перзент көре алмағандар бата тілесе,онда оларға:

– Балалы-шағалы болыңдар,
Ағалы-жағалы болыңдар.
Немере-шөберелі болыңдар,
Туажат-неменелі болыңдар!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Асыр салып ұл-қызың,
Күндіз-түні дабырласын! –деп ықылас білдіреді.

Ойда-жоқта келген құдайы қонақтарға бір малын көлденең тартып: «Əумин» деген ізгі ниетті, жомарт жандарға батагөй кісілер:

Малың семіз болсын!
Төлің егіз болсын!
Бізге бірді сойсаң,
Орнына тоғыз болсын!
Далақтатар даудан сақтасын,
Жалақтаған жаудан сақтасын,
Ашыққан бөріден сақтасын,
Ашынған ұрыдан сақтасын!
Артқаның түйе болсын!
Сауғаның бие болсын!
Дастарқаның берекелі болсын!
Отбасың мерекелі болсын!
Мəртебең асып тұрсын,
Бақ-дəулетің тасып тұрсын,
Біз секілді сыйлы қонақтар,
Күнде үйіңде басып тұрсын! – деп игі тілек пен ықылас батасын жаңбырша жаудырады.

Ақ батасы

Ақ бата – ата-ана мен ақсақалдардың, сондай-ақ, ел ағаларының ұрпақтарына білдірген жүрекжарды тілегі мен елі үшін еңбек сіңірген азаматтарына ақтарыла айтқан алғысы, яғни, ата-анасының ризашылығын алған перзенттер мен жас талаптарға, жорыққа, бітімге аттанғандарға, игілікті іс бастаған азаматтарға, құдалық жəне достық салтына, өнер қуған, ел тізгінін жаңа ұстаған талапты жастарға, жас отаулар мен «батаңызды беріңіз» деп өтінген адамдарға берілетін ықыластың бір түрі. Ол түрлі орта жəне нақты жағдайға қарай əр алуан мазмұнда жасала береді.

Мысалы, көп үшін еселі еңбек етіп, үлкен қызмет көрсеткен жастарға:

Ел-жұртыңның гүлі бол,
Шам-шырағы, нұры бол,
Көп жасай бер, қарағым!
Болашақта ірі бол,
Ірілердің пірі бол!
Батырлардай санды бол,
Сал-серідей сəнді бол,
Бақ-дəулетті, малды бол,
Өз құрбыңның алды бол! – деген мазмұнда бата берсе,

ал ата-анасының ризашылығын алған адал, арлы, кісілігі жоғары перзенттерге:

Көзімнің нұры бол,
Көңілімнің жыры бол!
Бақ құшып,
Бал жұтып,
Бабырдай ұлы бол!
Балдай бала бол,
Нардай дара бол,
Таудай талапты,
Фарабидей дана бол!
Майқыдай сыйлы бол,
Қорқыттай күйлі бол!
Асандай ақылды,
Бұқардай жырлы бол!
Аллаһу акбар! –деп, ақ батасын ақ жаңбырдай жаудырады.

Алғыс батасы

Алғыс бата – ақсақалдар мен беделді кісілердің азаматтардың аса игілікті істері, ерен қызметі мен ел-жұртқа көрсеткен ең бектеріне деген ризалығы əрі ықыласы. Мысалы, ондай азаматтарға:

Өмір-жасың ұзақ болсын,
Жүрген жерің шуақ болсын,
Құдай өзі қуат берсін,
Сарқылмайтын суат берсін!
Жандарыңа жамандық бермесін,
Бастарыңа қам-қайғы келмесін,
Қойын-қоныштарың ақты болсын,
Ұрпақтарың бақытты болсын! – деп алғыс баталарын жаудырса,

ал кісілік, кішілік көрсетіп, қолдарына су құйып, қолтықтарынан демеп аттандырып жатқан жастарға:

Бақ-дəулетті, малды бол,
Өз құрбыңның алды бол!
Жаратқан ием жебесін,
Басыңа жамандық келмесін,
Аллаһу акбар! –деп ықылас білдіреді.

Игі бастамаларға берілетін баталар

Қазақ халқы бір игі істі бастау үшін, ауылдағы ақсақалды қариялар мен аузы дуалы білікті кісілерді шақырып, міндетті түрде баталарын алады. Бұл аузы дуалы қариялардың айтқаны айнымай келіп, ісім сəтті, шаруам табысты болса екен дегені. Ондай кезде қариялар:

Істеріңе сəт болсын,
Бастарыңа бақ қонсын!
Ата-баба аруағы,
Жебей берсін, жақ болсын!
Құдай өзі оңдасын,
Қызыр келіп қолдасын!
Сəтті болып бастама,
Бақыт-байлық мол болсын!
Ашық болсын күндерің,
Бассын ісің ілгері.
Талаптанған тайларың,
Болсын мəңгі жүлделі!
Аллаһу акбар! – деп ағынан ақтарылады.

Мереке батасы

Бейбіт күнге жаны құштар, əр таңым арайлап атып, əн-күй, мереке-мейрам, дыр-думанмен өтсе екен деп аңсайтын қазақ халқы, мереке-мейрам, айт-наурыз күндері мəре-сəре қуанып, күліп-ойнап, бір жасап қалады əрі ондай мерекелік бас қосуларда мынадай бата-тілектер беріледі: Бата беру, қазақша бата тілектер

Мереке – мерекеге ұлассын,
Береке – берекеге ұлассын,
Қуаныш-күлкі тынбасын,
Бұлт баспасын шың басын!
Ұзағынан қуантсын,
Ұзағынан күлдірсін,
Ұзағына сүйінтсін,
Ұзағынан сүйдірсін!
Жаратқаным жақ болсын,
Халқымызға бақ қонсын!
Кетпей бастан бейбіт күн,
Ел-жұрт мəңгі шат болсын!
Аллаһу акбар! –деп ықылас білдіреді.

Сапар-жорық батасы

Жат жұрттан теперішті көп көріп, əккі жау, айлалы дұшпаны аяғынан көп шалған қазақ халқы сапарға, жорыққа аттанар алдында бауыр-туыс, ел-жұртын жиып, ақсақалдары мен аузы дуалы білікті кісілерінен міндетті түрде бата алуды дағдыға айналдырған. Бұл сол қариялардың айтқаны келіп, сапарым оң, жорығым сəтті болса екен деген игі тілек негізінде қалыптасқан. Мұндайда батагөй қариялар:

– Жортқанда жолың болсын,
Сапардың оңын берсін,
Тұлпардың тоғын берсін,
Жігердің шоғын берсін!
Бет алдың оң болсын,
Мəртебең зор болсын,
Дұшпаның қор болып,
Алды-арты ор болсын!
Жолың ашық болсын,
Жауың қашық болсын,
Мерейің тасып-толсын,
Аман-есен қауышу
Барымызға нəсіп болсын!
Аллаһу акбар! –деп бата береді.

Ас-нəзір батасы

Әдетте, ас-нəзірге сойылатын малға бата жасалмайды, тек мойнына немесе жалына ақтық байлап, Құран оқып, мал сояды, əрі дастарқан жайылған сайын марқұмға арнап Құран оқылып отырады да, дастарқан жиярда:

Марқұмның арты той болсын,
Ұрпақтары бай болсын!
Қам-қайғысыз күн кешіп,
Көңілдері жай болсын!
Ат тұяғын тай бассын,
Төңірегін жайнатсын!
Ата-баба дəстүрі,
Мəңгі үзілмей жалғассын!
Аллаһу акбар! – деп тілек айтады.

Қарияларға берілетін баталар

Қазақта бата-тілекті тек жастар ғана ала бермеген. Кей кездері жетпіс-сексенге келген ақ сақалды аталар мен ақ самайлы əжейлер де өздері ұнатқан қадірлі, аузы дуалы кісілерді шақырып баталарын алып, оны өздеріне рухани азық етіп, көңілдерін көтеріп, жігерлерін шыңдап отырған.

Əдетте қарияларға берілетін бата мынадай болып келеді:

– Уа, қария, күйлі болыңыздар,
Ел-жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар!
Немере, шөбере, шөпшек көріп,
Тоқсан отау үйлі болыңыздар!
Түндеріңіз тыныш болсын,
Үйлеріңізге ырыс толсын!
Ұлдарыңыз десті болсын,
Келіндеріңіз есті болсын!
Орындарыңыз төр болсын,
Мəртебелеріңіз зор болсын,
Ел-жұрттарыңыз тоқ болсын,
Қатарларыңыз көп болсын,
Қам-қайғыларыңыз жоқ болсын!
Аллаһуакбар! –дейді.

Сəбилерге берілетін батлар

Қазақ халқында «батамен ер көгереді» деп, көпті көрген білікті қариялардан, сондай-ақ, халық қадір тұтқан аузы дуалы қасиетті кісілер ден «мына жаман шаранаға батаңызды беріңіз!» деп, жаңа туған сəбилеріне де бата сұрайтын салт бар. Сондай кезде батагөйлер:

Өмір-жасы ұзақ болсын,
Маңайы аққан бұлақ болсын,
Əр күні қызық, шуақ болсын,
Жер-ана жайлы тұрақ болсын,
Жомарттың қолын берсін,
Жортқыштың жолын берсін,
Қыздың қылығын берсін,
Судың тұнығын берсін,
Даланың кеңдігін берсін,
Батырдың ерлігін берсін,
Ақынның өрлігін берсін,
Иасауидің даралығын берсін,
Фарабидің даналығын берсін!
Аллаһуакбар! –деп бата-тілектен бал ағызады.

Балаларға берілетін баталар

Балам адамгершілікті, өнер-білімді болса екен, өз құрбыларынан оза шауып, Отаны мен халқының қалаулы азаматы болса екен деп, жатса-тұрса жар құлақтары жастыққа тимейтін ата-аналар балалары ес біліп, өнер-білімге талпына бастаған кезде ауылдағы қадірлі, өнерлі қариялардың бірін үйлеріне шақырып: «Мына балаңызға батаңызды беріңіз, жолыңызды ұстап, арман-мұратыңызды жалғастырсын», – деп, балаларына бата сұрайды. Осы кезде батагөй қариялар:

Ұрпағың өнерлі болсын,
Өрісті болсын,
Іс-қимылы келісті болсын,
Ата-баба аруағы қолдап,
Еңбектері жемісті болсын!
Жары жібектей болсын,
Ары түлектей болсын,
Өнері өрлей берсін,
Жас басы төрлей берсін!
Аллаһуакбар! –деп аталық ықыласын білдіреді.

Қыздарға берілетін баталар

Қазақ халқы қыздарының ақылына көркі сай, өнерлі де білімді, іскер де ісшең болып есеюін тілеп, аузы дуалы, қасиетті қарттардың ықылас-баталарын алып отыруды өте бір игілікті іс деп қа рап, қыздары на ұлағатты кісілерден бата алып отырған. Сондай кезде қадірменді қарттар қыз ата-аналарының талап-тілегі бойынша:

– Қыздарың құлықты болсын,
Ғаламад білікті болсын.
Күндей нұрлы болсын,
Гүлдей түрлі болсын.
Өлмес өнер берсін,
Əн-жыр, өлең берсін.
Теңдессіз дарын берсін.
Ізгіліктің бəрін берсін.
Талдай бой берсін,
Таудай ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Оттай жанар берсін!
Аллаһуакбар! –деп үміт-тілекке толы баталарын береді.

Келіндерге берілетін баталар

Қазақ келіндерінің ата-енелері мен ақсақалдарға шай құйып, ас-тағам əзірлеп, тік тұрып күтуі қалыпты құбылыс. Сондай кезде, төрде отырған қариялар оларға дəм ұсынады немесе табақтың түбін береді, кейде ішіп отырған шайларын береді. Сол сəтте келін орнынан тұ рып, ұсынған дəмді алып, қарияларға иіліп сəлем жасағанда қариялар:

Жасың ұзақ болсын,
Күнің шуақ болсын.
Басыңа бақыт қонсын,
Үйіңе жақұт толсын.
Балалы-шағалы бол,
Ағалы-жағалы бол.
Өркенің өсе берсін,
Бақытқа қолың жете берсін! –деп, аталық алғысын жаудырады.

Жас жұбайларға берілетін баталар

Қазақта жаңа отау көтеріп, өз алдына түтін түтеткен жас жұбайлар үйлерін реттеп, шаруаларын ыңғайлап алған соң, ауылдағы қадірлі қарттар мен білікті кісілерін шақырып, отауларынан дəм тат қызып, баталарын алады. Осындай ғұрыптан соң қарттар оларға:

Отауларың от болсын,
Бақыт-байлық көп қонсын.
Ұрпақты боп лайым,
Еш қам-қайғы жоқ болсын!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Сыйлы қонақ күнде кеп,
Төрлеріңе дамылдасын!
Өмірлерің бал болсын,
Ұрпақтарың нар болсын.
Ата-баба аруағы
Өздеріңе жар болсын!
Аллаһуакбар! –деп бата береді.

Шаңыраққа берілетін баталар

Қазақ салтында алыс жерден, өзге ру-тайпалардан келген білікті кісілер өздерін сыйлап, құрметтеген қасиетті қара шаңырақтарға мынадай мазмұндарда бата береді:

Шаңырақтарың шайқалмасын,
Бақ-дəулеттерің ортаймасын.
Жаратқан Иең жар болып,
Не сұрасаң да қайтармасын!
Шаңырақтарың сыйлы болсын,
Отбасыларың дулы болсын.
Қоныстарың нулы болсын,
Өрістерің сулы болсын!
Аллаһу акбар! –деп алғысын ақтарады.

Ел мен жерге берілетін баталар

Қазақта бөтен ел, бөтен жерден келген кісілер ерекше сыйлы болады. Оларды барған елі тік тұрып күтеді. Сондай кезде қонақтар ел мен жерге деген ризалықтарын білдіру үшін мынадай баталар береді:

Ырыс қонған жеріңе бата,
Меймандос еліңе бата,
Аққан суыңа бата,
Асқар тауыңа бата,
Қолдасын Қызыр ата!
Жерлеріңде жұт болмасын,
Төрлеріңе құт орнасын.
Ел-жұрттарың жамандық көрмесін,
Ұрпақтарыңның десі өрлесін!
Аллаһуакбар!

Күйеубалалар мен қарындастарға берілетін баталар

Әдетте, бастарына үй тігіп, бауырларына қазан асып, үйлі-баранды болған білікті күйеу балалар мен қыз-қарындастар ата-ана, аға-бауырларының ықылас-баталарын алу үшін оларды үйлеріне шақы рып қонақ еткенде: «бізге баталарыңызды беріңіздер» деп үлкендердің баталарын алады. Осы кезде батагөй қариялар:

Дастарқандарың берекелі болсын,
Отбасыларың мерекелі болсын.
Өмір-жастарың ұзақ болсын,
Жолдастарың Қызыр болсын!
Қораларыңнан қой кетпесін,
Есіктеріңнен той кетпесін.
Көшкенде көлікті болыңдар,
Өлшеусіз өрісті болыңдар!
Халық сүйер аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар.
Қиын жерде жол табар,
Дарқан ойлы дана болыңдар!
Аллаһуакбар! –деп аталық ақ баталарын береді.

Соғым батасы

Қыс күндері қазақ халқы үй басы сайын түгел бір-бір ірі қарадан соғым сояды əрі бірін-бірі соғым басына шақырып қонақ етеді. Соғым ға шақырылған қонақтар: «соғым шүйгін болсын» деген игі тілек айтады. Ал, ет пісіп, алдыға соғым басы тартылып «Əумин» дегенде, жасы, жолы үлкен кісілердің бірі:

Соғым шүйгін болсын,
Ұрпақтарың тұйғын болсын.
Татқандарың тəтті болсын,
Келер күндерің жақсы болсын!
Отбасыларың аман болсын,
Бай-бақытты заман болсын.
Үйлеріңнен қонақ кетпесін,
Май қуырдақ-табақ кетпесін!
Аллаһуакбар! – деп бата жасайды.

Мал басына берілетін баталар

Ақ көңіл де ашық-жарқын, қонақшыл қазақ елі құда-жегжат, бауыр-туыстарынан сырт, өнер-білім, үлгі-тағылымды адамдарды құшақ жая қарсы алып, бір малдарын алдарына көлденең тартып: «Əумин» деп бата тілейтін қасиетін күні бүгінге дейін сақтап келген жомарт халық. Сондай кездерде қонақтар үй иелерінің ынта-ықыласынасай мынадай баталар береді:

Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Дастарқаның мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Кең жайлауды жайласаң,
Тай-құлынды байласаң,
Сабаң толсын қымызға,
Шараң толсын уызға.
Өрісіңе мал толсын,
Ақ тілеуің жар болсын!
Өрендерің өр болсын,
Өрт мінезді ер болсын.
Көре алмаған дұшпаның,
Көрге кіріп жер болсын!
Аллаһуакбар! – деп, адал көңіліне ақ тілек арнайды.

Қорыта айтқанда, қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-жүрегінде жатқан ізгі тілектерін жеткізіп, бір адамның немесе халықтың тілеуін тілейтін болған. Сондай-ақ, бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан.

Ұқсас мақалалар:
» 22 наурыз — Наурыз мейрамы » Керей Тоқсан бидің батасы » Бекентайдың батасы » Үмбетәлі ақынның батасы » Қанжығалы Асаубайдың батасы » Сүйінбай ақынның Жамбылға берген батасы » Сарыбай бидің Жамбылға берген батасы

Источник

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *